Буллинг дегеніміз не?
Буллинг- «bully» ағылшын тілінен аударғанда қорқыту деген мағынаны білдіреді. Буллинг дегеніміз – «күштінің» «әлсізге» қорлық көрсетуден (материалды немесе рухани түрде) «ләззат» алуы. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық және бақылаусыздық кейде қатыгездік ретінде барлық физиологиялық немесе эмоционалды қатыгездік, жыныстық зорлық-зомбылық немесе ата-аналық жауапкершілігінен бас тарту, жауапкершілік, сенімділік немесе билік пен қатынас мәнмәтіндегі бала денсаулығына, өмір сүруіне, дамуына немесе ар-намысына әлеуеттік залал келтіретін коммерциялық немесе өзге де пайдалану нысандары ретінде анықталатын балаларға қатысты қатыгездік ретінде белгілейді». Балаларға қатысты қатыгездік кең мағынада бес тұрпатты бөліп көрсетеді: · дене зорлық-зомбылығы; · жыныстық зорлық-зомбылық; · баланың қажеттіліктері мен мүдделерін елемеу (қадағалаусыздық, ата-аналық міндеттерден жалтару, экономикалық зорлық-зомбылық); · эмоционалды/психологиялық зорлық-зомбылық; · жыныстық және коммерциялық пайдалану.
Шын мәнінде, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, қысқасы, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін. Буллинг деп көп жағдайда бір адамның бір адамды қорқытып-үркіткенін, қудалауын атайды. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді.
Буллингтің негізгі төрт түрі бар. Олар:
- сөзбен қорқыту
- күшпен қорқыту
- реляцион түрі
- кибернетикалық буллинг.
Күш көрсету
Буллингтің күш көрсету арқылы іске асатын түрі адамның тәніне зиянын тигізеді, оның дүние-мүлкіне зардап әкеледі. Мәселен, иықпен қағып өту, ұру, төбелесу және т.б. Әдетте буллинг бірден күш көрсетуден басталмайды. Дегенмен ақыр соңында күш көрсетуге алып келеді. Күш көрсету – өлімге апаруы мүмкін өте қауіпті буллинг түрі.
Сөз арқылы
- Сөз формасындағы буллингте адам ауызша айқаймен, дауыс көтеру арқылы және күліп, кекетіп-мұқату арқылы зорлық көрсетеді. Құрбанды қорлап, оның намысына тию, сыртынан ол туралы өтірік айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеу, жәбірлеу сөз түріндегі буллингке кіреді.
Реляцион
Реляцион буллингті кейде әлеуметтік агрессия деп те атайды. Бұл – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Сондай-ақ, реляцион буллинг түсінігін бір адам басқа жанның репутациясына кір келтіргісі келген, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіруді ойлап жасаған әрекетін сипаттағанда да қолданады. Реляцион буллинг сырт көзге жақын араласатын адамдар боп көрінетін ортада болуы мүмкін. Сондықтан ол ұзақ уақыт басқа адамдарға байқалмай, бірнеше жылға жалғаса береді.
Кибербуллинг
Қазір қорқытудың кибербуллинг деп аталатын түрі жиі кездеседі. Мамандар да кибербуллингтің, әсіресе пандемия кезінде, өршіп тұрғанын айтып жүр. Кибербуллинг – интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Сонымен қатар құрбанға зиян тигізу мақсатында ойластырылған арнайы тапсырыс аясында кибербуллинг белгілері байқалады.
Буллинг пе, әлде жәй ғана әзіл ме?
Егер сені біреу мазақ қылған жағдайда немесе достарыңмен жанжалдасып қалғанда, саған бәрі де жаман көрініп, барлық адамдар саған қарсы деген ой туындайды. Тіпті «бұл жәй ғана әзіл-қалжың ғой» деп айтқан жағдайда да, сен өзіңді әлі де ыңғайсыз сезінуің мүмкін. Бірақ, бұның барлығы өткінші екенін ұмытпа.
Біз балаларға міндетті түрде интернет кеңістігін және ақпараттық технологияларды қалай пайдалану керектігін үйретуіміз керек. Бастысы құпиялылық параметрлерін орнатуға болады, қажет емес мазмұнды бұғаттау керек және өзі туралы жеке мәліметтерді көпшілікке жарияламауы қажет.
Бала қай әлеуметтік желіде отыр, қандай сайтты, қандай платформаны пайдаланады, сөйлеу мәнеріне назар аудару маңызды.
https://aitekebi-mk-2022.edu.kz/kz/t-rbie-b-limi/psikholog/248-bulling-degenimiz-ne.html#sigFreeId0a30c11882